Қызылордалық полицейлер халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлерді Алматыда ұстады
Қызылордалық полицейлер халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлерді Алматыда ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 қараша күні Қызылорда облысы ПД және Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармаларының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуде жүрген Қызылорда облысының екі тұрғыны Алматыда құрықталды.Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы (Атыс қаруын қолданып, жасалған бұзақылық) және 24-бабы 3-бөлігі мен 99-бабының 2-бөлігінің 7,9-тармақтары (Бұзақылық ниетпен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен өлтіруге оқталған) бойынша қылмыс жасаған деп айыпталуда.
Ұсталған екі күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Полицейлер күдіктілерді Алматы қаласы Турксіб ауданындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстаған. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.