Қызылордалық полицейлер мал ұрлығымен айналысқан ауыл тұрғындарын анықтады
Қызылордалық полицейлер мал ұрлығымен айналысқан ауыл тұрғындарын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық ПБ-сы мен Сырдария аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар барысында мал ұрлығын жасады деген күдікпен 3 ауыл тұрғыны ұсталды.
Жас шамалары 25-30 жас аралығындағы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылының 3 тұрғыны бірнеше рет алдын ала сөз байласып, ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айлары аралығында жайылымда жүрген жылқыларды тіркеуде жоқ аңшы мылтығымен атып алып, бөлшектеп, дайындаған еттерін Қызылорда қаласында орналасқан ет қабылдайтын дүңгіршектерге арзан бағада өткізіп, заңсыз пайда табумен айналысып келген.
Полицейлермен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер далалық жерден жылқыны атып алып жымқырған етті Қызылордадағы ет қабылдайтын орындарға өткізіп жүрген жерлерінен құрықталды.
Мал иелеріне шамамен 2 миллион 500 мың теңге көлемінде мүліктік шығын келтірілген.
Ұсталған күдіктілер кінәларын толық мойындап, оларға қатысты Қызылорда қалалық сотымен «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтарпау шарасы санкцияланып, 2 айға қамаққа алынды.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігінде қаралған мал ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, олардың мал ұрлығымен байланысты 5 қылмысқа қатыстылығы анықталды. Қылмыстық істер толығымен дәлелденіп, сотқа жолданды.