Қызылордалық полицейлер оқушылар арасында шығармашылық сайыс өткізді
Қызылорда облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мектеп оқушылары арасында «Мен саған есірткі жайлы айтып беремін» тақырыбында эссе жазу сайысын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында есірткі мәселесін түсіндіру деңгейін кеңітіп, сайыскерлердің жеке ойын білдіру мүмкіндігін айқындау болып табылады.
Байқау екі кезеңде өтті. Бірінші кезеңді Қызылорда қаласының және аудан орталықтарының білім бөлімдері ұйымдастырды, оның қорытындысы бойынша Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына конкурстың екінші кезеңіне қатысу үшін 58 үздік жұмыс жіберілді.
Байқауға қатысушылар аталған тақырыпта эссе жазды, содан кейін оларды БАҚ пен ақпараттық порталдарда жариялады. Оқушылар өз еңбектерінде нашақорлық мәселесі, оның төңірегінде туындайтын мәселелер және нашақорлықтан аулақ болу туралы пікірлерімен бөлісті. Балалар сайыста түрлі ақпарат көздерін қолданды, нашақорлық проблемасын жариялау бойынша шеберлік танытты.
Байқау комиссиясының шешіміне сәйкес 58 сайыскер өңірлік жеңімпаздар болып танылды.
Байқауда Шиелі ауданы №142 орта мектебінің оқушылары І орынды, Арал ауданы №262 мектеп-гимназиясының оқушылары ІІ орынды, Қызылорда қаласындағы «Мұрагер» мектебінің оқушылары ІІІ орынды иеленді.
Байқаудың екінші кезеңіне қатысқан 58 сайыскерге сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.