Қызылордалық полицейлер қауіпсіз балалық шақ үшін
Қызылорда облысының полицейлері «Қауіпсіз балалық шақ» профилактикалық шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың алдын алу жөнінде 2020 жылға арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілген болатын.
Жоспарға сәйкес, 18 тамыз күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының, қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция бөліністерінің қызметкерлері және білім, ішкі саясат басқармасы, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар, қоғамның белсенді мүшелері қала орталығындағы халық көп шоғырланатын орындарда аудандар бойынша 17 топқа бөлінген қызметкерлермен бірлесіп, «Қауіпсіз балалық шақ» профилактикалық шарасын өткізді.
Аталмыш шараның мақсаты – кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында ата-аналардың бала қауіпсіздігіне назар аударып, күнделікті сақтық ережелерін үйретіп, олардың қауіпсіздігін қамтамсыз ету болып табылады.
Тәртіп сақшылары бұл мақсатта «Бала қауіпсіздігі – басты назарда», «Ата аналар мен балаларға арналған құқықтық жадынама», «Менің қауіпсіздігім», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмі» атты парақшалар таратып, қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.