Қызылордалық полицейлер Тараз қаласының тұрғынынан есірткі затын тапты
Қызылордалық полицейлер Тараз қаласының тұрғынынан есірткі затын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 сәуір күні сағат 07:00 шамасында Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Самара-Шымкент тасжолының 1632/635 шақырымында, яғни Шошқакөл елді мекенінің тұсында қызмет атқару барысында Жамбыл облысынан Ақтөбе қаласына қарай бағыт алған Жамбыл облысының 30 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Тойота Камри» автокөлігін жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан. Тексеру барысында автокөліктің артқы жүк салғышында жатқан сөмкесінің ішінен полиэтилен пакетіне оралған «ерекше иісі бар шөп тәріздес» заты анықталып, тәркіленіп, тиісті сараптамаға жолданды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігімен (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда.