Қызылордалық полицейлер тұрғындарды өрттен құтқарды
Қызылордалық полицейлер тұрғындарды өрттен құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының сақшылары қызыл жалын шарпыған үйден қала тұрғындарын құтқарып, кәсіби шеберліктерін көрсетті. Ақпанның 19-нан 20-на қараған түні сағат 03.00 шамасында Шұғыла мөлтек ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінен өрт шыққан.
Төтенше жағдай қызметіне дереу хабар берген. Қызылорда қалалық Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері Нұразат Жаңабекұлы, Азамат Жұмағазиев, Қадіржан Балықбай, Сұлтан Күздекенов, Азамат Нұрлыбаев пәтерлерден үш жасөспірімді және екі ер азаматты алып шықты.
Қою түтін арасынан жол тапқан сақшылар лаулаған от көрші пәтерлерге таралып кетпес үшін жедел шешім қабылдады. Құтқарушылардың келуін күтпей-ақ басын қатерге тіккен полиция қызметкерлеріне көпқабатты үйдің тұрғындары риза болды. Ал өрт сөндіру қызметі келген соң олар басқа да тұрғындарға үйлерінен шығуға көмектескен.
Өрттің шығу себептері анықталуда.