Қызылордалық полицейлер тұрғындарды санитарлық нормаларды сақтауға шақырды
Қызылордалық полицейлер тұрғындарды санитарлық нормаларды сақтауға шақырып, тағы да 2 мыңға жуық бетперде таратты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Есірткіге жол жоқ!» акциясын ұйымдастырды.
Акция барысында адамдар көп жиналатын жерлерде, яғни базарларда, сауда үйлерінде, көшелерде, аялдамаларда және автовокзалдарда марихуананың сызылған бейнесінің логотипі бар маскалар таратылды. Осылайша, қызылордалық есірткімен күресушілер карантин жағдайында есірткіге қарсы насихат жүргізді.
Тәртіп сақшылары бетперделерді тарату кезінде есірткінің зияны туралы, сондай-ақ коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін санитарлық нормаларды сақтау керектігін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетерлігі, Қызылорда облысы Полиция департаментімен ағымдағы жылдың жеті айында 377 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде – 299 теріс қылық, 78 қылмыс (аса ірі көлемдегі есірткі заттарын сақтаудың сегіз фактісі, есірткіні өткізудің 14 фактісі, заңсыз өсірудің 56 фактісі). Заңсыз айналымнан 100 кг-ға жуық түрлі есірткі заттары тәркіленді.