Қызылордалық полицейлер жоғалған жасөспірімді тауып, ата-анасына тапсырды
Қызылордалық полицейлер ойнап жүріп, оралмаған жасөспірімді тауып, ата-анасына тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың 24 шілде күні Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде жасөспірімнің ойнап жүріп, үйінен шығып кетіп, қайта оралмағандығы жөнінде оның ата-анасы полицияға арызданды.
Хабарлама түскен сәттен бастап жедел түрде осы дерек бойынша Қазалы ауданы полиция бөлімінің бастығы Сәбит Арыновтың нұсқауымен топ құрылып, іздестіру жұмыстары басталды.
Жасөспірімді іздеу жұмыстарына ювеналды полиция, патрульді полиция нарядтары жұмылдырылып, үйлердің шатырлары мен аулалары, құрылыс жүріп жатқан объектілер, мекемелердің аулалары араланып, тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалған жасөспірім бір сағат ішінде табылып, ата-анасына аман-есен тапсырылды. Жасөспірімнің ата-анасы полицейлерге қырағылық танытып, баласын аман-есен тапқандары үшін шын
жүректен алғыстарын білдірді.
Осыған орай, полиция қызметкерлері балаларға деген бақылауды және жауапкершілікті күшейтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды арттыру қажеттігін қатаң ескертеді.