Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордалық полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда

Қызылорда облысында автомобиль жолдарын тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны үшін 172 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекция саласының қызметкерлері жыл басынан бері облыс бойынша жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары мен онда орналасқан жол қозғалысын реттейтін техникалық құралдардың жай-күйіне 976 тексеру жүргізіп, 23 974 шақырым жолды қамтыды.

Автомобиль жолдары мен жол тораптарында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті органдарға 1 195 нұсқама жіберіліп, 172 лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Департамент тарапынан автомобиль жолдары мен көше-жол тораптарында жолдардың инфрақұрылымдарын жақсарту мен қозғалыс қауіпсіздігінің деңгейін арттыру жөнінде жергілікті атқарушы органдарға барлығы  210 ұсыным жолданды.

Жолданған ұсынымдардың нәтижесінде соңғы 3 жыл көлемінде облыс аумағында жаңадан  11 бағдаршам орнатылды.

Биыл жолдардың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 490 шақырым автомобиль жолы жөнделсе, 106 шақырымды құрайтын 68 көшеге жаяу жүргінші жолақтары, 70 автобус аялдамасы, жалпы ұзындығы 40 шақырымды құрайтын жасанды жарық жүйелері салынды.

Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында 22 жерге күн сәулесінен қуат алатын диодты жарығы бар белсенді жол белгісі, 25 жерге көліктердің жылдамдығын мәжбүрлеп азайтуға арналған жасанды кедір-бұдыр кедергі орнатылды, сонымен қатар 8 жерде пандустармен жабдықталған аспалы көпір тәріздес жаяу жүргінші өткелдерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығында орналасқан 15 мектептің алдына «Балалар» және «Жылдамдықты 40 шақырымға дейін шектеу» жол белгілерінің үлкен көлемді  ақпараттық стендтері, 10 мектеп алдында оқушы балалардың фотосы бейнеленген макеттер орнатылды.

«Самара-Шымкент» халықаралық маңызы бар автомобиль жолына жүргізілген кешенді тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша  жалпы ұзындығы 57 шақырымды құрайтын жол учаскесіне қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Жалпы облыс бойынша автомобиль жолдары мен жол тораптарында барлығы  654 жол белгісі қайта қалпына келтіріліп, 355 мың 747 шаршы метр жолға таңбалар салынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру