Қызылордалық ұры ұрланған заттарды металл қабылдау орнына тапсырып жіберген
Қызылордада бөтен біреудің саяжайдағы үйіне ұрлыққа түскен күдікті ұрлаған заттарын металл қабылдау орындарының біріне тапсырып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 наурызда Полиция басқармасына ұрлық дерегі бойынша облыс орталығының тұрғыны арызданған. Жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30 шамасында Эдельвейс саяжайындағы үйінің аумағына белгісіз біреулер ұрлыққа түскен. Сарайдың құлпын бұзып кірген қаскөйлер барбекю аппаратын, 5-6 дана арматура мен құлыпты қолды еткен.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен Тасбөгет полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары жеткен. Олардың жедел әрекеттері мен кәсіби шеберлігінің нәтижесінде ұры «ізін суытпай» ұсталды.
Күдікті Қарауылтөбе кентінің 1985 жылы туған тұрғыны болып шықты. Ол ұрланған заттарды темір-терсек қабылдайтын орынға өткізіп үлгірген. Тәркіленген заттар заңды иесіне қайтарылды.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы (Тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.