Қызылорданың түзеу мекемесінде «Қақпа алдында кездесу» іс-шарасы өтті
Қызылорданың түзеу мекемесінде «Қақпа алдында кездесу» іс-шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 мекемесінде жаза мерзімі аяқталған азаматтарға «Қақпа алдында кездесу» ұйымдастырылып, оған түрлі сала өкілдері шақырылды.
Атап айтсақ, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің маманы Б.Арыстанов, қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының бас маманы Ғ.Оразбеков, қалалық пробация қызметінің аға инспекторы Р.Сыздықов қатысты.
Жоба аясында мамандар әлеуметтік байланыстарды орнату, кәсіби білім алу, біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту, кепілді медициналық көмегін алу, құқықтық көмек, құжаттарын қайта қалпына келтіру бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіп, кеңестер берді. Пробация қызметі, жұмыспен қамту орталықтарының мамандары бұл азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істейтінін жеткізді.
– Мен абайсызда қылмыс жасап сотты болдым. Бүгінде жазамды толық өтеп, мекемеден босатылғалы жатырмын. Мамандардан сұрағыма нақты жауап алдым. Түзеу мекемесінен шыққан адам қайда барарын білмей, кімнен көмек сұрарын білмей абдырап жатады. Бүгін сала мамандары әр түрлі көмек түрлерін кімнен қалай алуымыз керек екенін түсіндірді. Бізді сотталған деп бөлмей, қоғамға тез бейімделіп кетуіміз үшін беріліп жатқан көмектерге ризамын. Мекеме әкімшілігіне және сала мамандарына алғысым шексіз,- деді босатылушы.