Қызыққұмар “BMW” жүргізушісі жауапқа тартылды
Түркістан облысы полицейлері жарысқан жүргізушілерді жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде Түркістан қаласы А.Байтұрсынов және Жібек жолы көшелері бойында екі “BMW” автокөлігінің өте қатты жылдамдықпен жарысқаны жайында бейнежазба таралған болатын. Аталған жол қауіпсіздігі ережесін бұзып, құқық бұзушылық жасаған “BMW” маркалы автокөліктерді анықтау мақсатында Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлері шұғыл іске кірісті.
Тексеру жұмыстары барысында екі көліктің де жүргізушілері анықталып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігімен (маневр жасау қағидаларын бұзу) және 606-бап (жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы) бойынша хаттама толтырылып, көліктері айыптұраққа қойылды.
Түркістан облысы полицейлері жолда жылдамдықты асырмауға, маневр жасау қағидаларын бұзбауға, мүмкіндігінше сақтық шараларын қолданып көлік басқаруға кеңес береді. Жоғарыдағыдай теріс әрекет жасап, өзіңізбен жаныңыздағыларға қауіп төндірмеңіз!