Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Рәміздер – рухымыз": Абай облысында ҚАЖД қызметкерлерінің балалары шығармашылық байқауда бақ сынады

Абай облысында ҚАЖД қызметкерлерінің балалары шығармашылық байқауда бақ сынады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №23 мекемеде "Рәміздер – рухымыз" атты балаларға арналған шығармашылық байқау өтті. Мекеме қызметкерлерінің 7-12 жас аралығындағы балалары қатысқан бұл игі шара жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

Байқаудың негізгі кезеңі – сурет салу сайысы болды. Балалар Ту, Елтаңба және Әнұран тақырыптарында өздерінің қиялынан туындаған көркем жұмыстарын ұсынды. Әр суреттен Отанға деген сүйіспеншілік, шығармашылық талпыныс пен балалық шынайылық анық сезілді.

Іс-шара барысында қатысушылар патриоттық өлеңдер оқып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындап, мерекелік атмосфераны жандандыра түсті.

Байқау қорытындысы бойынша үздік үш сурет таңдалып, 8 жасар Аяжан Әкежан, 7 жасар Нұрәли Нұрлыбек және 10 жасар Керей Ринатұлы жеңімпаз деп танылды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздардың жұмыстары мекеме қабырғасына ілініп, көрме ретінде ұсынылды.

– Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың болмысы мен елдігіміздің нышаны. Мұндай байқаулар балалардың рухани дамуына серпін беріп, отансүйгіштік қасиеттерді бойына сіңіруге сеп болады, – деді тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің бастығы Әсел Уаисова.

Шара аясында ата-аналар мен қызметкерлер де балаларының өнеріне куә болып, рухани тұрғыда бірігіп, жағымды әсермен тарасты. Бұл – мекеме ішіндегі отбасылық байланыстар мен патриоттық тәрбиені нығайтудың нақты көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру