Ресеймен шекаралас аумақта кезекшілік атқарған полицияның арнайы жасағы марапатталды
Солтүстік Қазақстан облысының аудан орталығы Мамлюткада аудан әкімі шектеу қойылған медициналық-санитарлық іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті күзеткен Полиция департаментінің қызметкерлерін грамоталармен марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құрамында СҚО ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының алты полиция офицері бар топ Мамлют ауданына жіберілді. Инспекторлар екі жерде: «Жаңа жол» көліктік және шекаралық бақылау бөлімінде және Мамлютка маңындағы фильтрациялық пунктте қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін күзетіп, қызметтің күшейтілген түрінде жұмыс істеді. Халықпен тығыз қарым-қатынас жасау, тәуліктік кезекшіліктер, құбылмалы ауа райы – оңай соқпады. СҚО ПД ЖҚАЖ аға инспекторы Ерлан Базарбаевтың айтуынша, Мамлюткадағы іссапарларына дейін жасақ қызметкерлері ұқсас тапсырмамен облысымыздың төрт ауданында қызмет атқарған. Бірақ соңғы іссапарлары күрделі болған. Мамлют ауданы Ресей Федерациясының Қорған облысымен тікелей шектеседі. Күн сайын «Жаңа жол» шекара бекеті арқылы жүздеген фуралар мен жүк көліктері өтеді. Әр келушіден медицина қызметкерлері COVID-19 сынамалар алады. Сынама нәтижелері дайын болғанша жүргізушілер Мамлюткаға жақын маңдағы тұрақта аялдайды. Бұл аумақтағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, жүргізушілердің барлық санитарлық нормаларды сақтауын қадағалау ЖҚАЖ қызметкерлерінің міндеті болды.
– Тілектестік, әдептілік, сондай-ақ қаталдылық пен қырағылық таныту. Біз басшылығымыз бен облыстық Полиция департаменті бастығы Марат Төлебаевтың берген тапсырмасын орындадық. Сол күндері түрлі жағдайлар болды, алайда біздің кезекшілігіміз қалыпты әрі айтарлықтай оқиғаларсыз өтті, – дейді Ерлан Базарбаев. – Кезекшілік арасында жұмыс пен демалуға жағдай жасаған Мамлют ауданының полиция бөлімі бастығы Серік Әлжановқа, оның бірінші орынбасары Иса Мұстафинға, сондай-ақ «Мамлют санаторлық орта мектеп-интернаты» КММ-нің директоры Күлбаршын Жұмақызы Әбдірахмановаға алғыс айтамыз.
7 маусым, Мамлютка қ. орталық алаңындағы ҚP мемлекеттік символдары стеласының алдында Мамлют ауданының әкімі Руслан Анбаев арнайы жасақ офицерлерін марапаттады. Алты қызметкер – Ерлан Базарбаев, Бахтияр Бекенбаев, Ильдар Рамазанов, Мирас Максютов, Данияр Ержігітов пен Дамир Қапенов аудан әкімінің грамоталарын иеледі.
Бүгінгі күні топтың бір бөлігі тұрақты жұмыс орындарына қайтса, енді бір бөлігі, ерекше өкімге дейін, «Жаңа жол» бекетінде қызметтерін жалғастырып жатыр.