Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Республика көлемінде іздеуде жүрген күдікті қолға түсті

Түркістан облысында алаяқтық жайтына қатысы бар бұрын сотты болған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші ер адам арызында өзінің атынан алыс танысы ғаламтор арқылы заңсыз онлайн несие рәсімдегенін жазып көрсеткен. Яғни, екі жыл бұрын күдікті өзінің туыстары ақша салатындығын айтып, жәбірленушіге тиесілі Kaspi Gold банк картасы мен жеке куәлік көшірмесін алған. Содан танысының жеке куәлігінің мәліметтерін пайдаланып, микроқаржы ұйымынан онлайн несие рәсімдеп, есепшотқа түскен ақшаны өзі иеленіп алған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 125 мың теңге.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, осы қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғынды анықтады. Алайда күдікті тұрғылықты мекенжайында болмаған. Оның қайда кеткендігі туралы жақын туыстарынан сұрастырылды. Олар ешқандай ақпарат бере алмады.

Полицейлер талаптарға сәйкес, жеке басын анықтаған күдіктіні ҚР ҚПК-нің 202-бабы (Адамды күдікті деп тану туралы жариялау)  және ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша күдікті деп танып, оған республика көлемінде іздеу жариялады. Тәртіп сақшыларының тыңғылықты жұмысының нәтижесінде, ол Қарағанды қаласынан ұсталды.

Тергеу барысында ұсталған ер азамат бұған дейін де сотты болып, ҚР ҚК-нің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша Қарағанды облысының сотының қаулысымен кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылғандығы белгілі болды. Қазіргі таңда күдікті қамауда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру