Республика күні қарсаңында Қарағанды облысы Полиция департаментінде үздік қызметкерлер марапатталды
Республика күнін мерекелеу қарсаңында Қарағанды облыстық Полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Аталған шара облыстың бас сақшысы Ерлан Файзуллиннің құттықтау сөзімен басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Біз еліміз үшін маңызды ұлттық мерекелердің бірі Республика күнін атап өтпекпіз. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл – еліміздің тәуелсіздігін айқындаған айтулы күн. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болсын дегім келеді, – деді Департамент бастығы Ерлан Файзуллин.
Шара барысында Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен Департамент бастығының бұйрығымен қызмет бабында алдыңғы шептен көрініп, үздік шыққандар марапатталды.
Саран қаласында өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматшаны ажалдан құтқарып қалған учаскелік полиция инспекторы Олжас Кәріпбаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нышаны бар қол сағатпен марапатталды.
Марапаттау соңы қарағандылық эстрада жұлдыздарының қатысуымен дайындалған мерекелік концертке ұласты.