РФ азаматтары қиын жағдайда көмектескен Ақмола полицейлеріне алғыс білдірді
Ақмола облысының аумағында қиын жағдайға тап болған Ресей Федерациясының азаматтары полицейлерге алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қазан сағат 09.00 шамасында Ленинград – Степняк автожолында, Жаңалық ауылының жанында РФ азаматы тізгіндеген Chevrolet Cruze көлік аударылып кеткен. Салдарынан үш адам зардап шекті: жүргізуші, оның жұбайы және қызы.
Апаттан кейін ер адам Біржан сал ауданының полициясына қоңырау шалды. Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Арман Нұрпейісовтің жетекшілігімен оқиға орнына полицейлер бірден барды. Сол жерде алғашқы көмек көрсеткеннен кейін зардап шеккендерге жедел жәрдем шақырылды. Кейінірек тәртіп сақшылары Ресейден келген қонақтармен байланысып, өз көмегін ұсынды, олар таңданып, қуанды.
Жүргізушінің айтуынша, олар Омбыдан Астанадағы досына шыққан. Одан әрі Арменияға бармақ болған. Алайда жолда жүріс бөлігінің бұзылуы салдарынан ер адам рөлді басқара алмай, кюветке шығып кеткен. Біржан сал ауданының полиция қызметкерлері зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетті, олардың өтініші бойынша Щучинск қаласынан авариялық автокөліктерін Омбы қаласына тасымалдау үшін эвакуатор жіберді. ЖКО орнынан олардың жеке заттары, азық-түліктері мен құжаттары түгел әкелінді.
Ер адам полиция қызметкерлеріне видео арқылы алғыс айтты.
Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Арман Нұрпейісовтің айтуынша, жол ұйымына осы автожолдың бұзылған жерлерін жою туралы нұсқама жіберіледі. 10 күн ішінде қойылған талаптар жойылуы керек. Орындалмаған жағдайда жол ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар полиция қызметкерлері мұқтаж жандарға көмекке баруға әрқашан дайын екенін атап өтті.