Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Рөлде ұйықтап кетпе!" – Алматы облысында полиция жүргізушілерге арналған профилактикалық акция өткізді

Алматы облысында полиция жүргізушілерге арналған профилактикалық акция өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысында полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерде "Рөлде ұйықтап кетпе!" атты алдын алу шарасын өткізді. Акцияның мақсаты – ұзақ жолда шаршау немесе ұйықтап кету салдарынан орын алатын апаттардың алдын алу.

Іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері көліктерді тоқтатып, жүргізушілерге ыстық шай мен кофе, сондай-ақ салқындатылған сусындар ұсынды. Бұл бастама жүргізушілердің сергектігін арттырып, жолдағы ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

– Біздің міндетіміз – тек жол ережелерінің сақталуын қадағалау ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысына қатысушыларға нақты көмек көрсету. Шаршау – апаттылықтың көзге көрінбейтін, бірақ аса қауіпті факторларының бірі. Сондықтан мұндай профилактикалық шаралар өз нәтижесін береді, – деді полиция өкілдері.

Тәртіп сақшылары жүргізушілермен әңгімелесу барысында жол ережелерін қатаң сақтау, ұзақ сапар кезінде тұрақты үзіліс жасау және шаршаған күйде рөлге отырмау қажеттігін еске салды.

– Біз жүргізушілер полицияның ашық, әділ және диалогқа дайын екенін сезінуін қалаймыз. Мұндай акциялар – формалдық емес, адамдардың қауіпсіздігіне деген шынайы қамқорлықтың көрінісі. Бұл бағыттағы шаралар "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы мен "Заң және тәртіп" қағидаттары аясында тұрақты түрде жалғасын табады, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру