"Заңның күзетінде": Астанада полиция қызметі туралы фотокөрме өтті
Астанада "Заң мен Тәртіп" атты фотокөрме өтіп, жұртшылық назарына полиция қызметінің маңызды сәттері ұсынылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көрмеде полиция қызметінің тек қылмыскерлерді ұстау немесе қылмысты ашумен шектелмейтіні анық көрсетілді. Келушілер төтенше жағдайлар кезінде – су тасқыны мен орман өрттері сияқты табиғи апаттарда – тәртіп сақшыларының алдыңғы шепте жүргенін бейнелейтін әсерлі фотосуреттерді тамашалады.
Сондай-ақ көрмеде Қазақстан полициясының күнделікті алдын алу шараларына, балаларды қорғау, аулалардағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысына да ерекше көңіл бөлінді.
Іс-шараны ІІМ Ұлттық ұланының үрмелі оркестрінің орындауындағы музыкалық шығармалар толықтырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.