Рудныйда полиция қызметкері алаяқтықтың алдын алып, тұрғынның 5 млн теңгесін сақтап қалды
Рудныйда полиция қызметкері алаяқтықтың алдын алып, 5 млн теңгесін сақтап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Рудный қаласында полиция қызметкері зейнеткерге алаяқтарға ірі көлемдегі қаражат аударудың алдын алуға көмектесті. Көмек туыстарының өтінішінен кейін көрсетілді. Олар әйелдің интернет-алаяқтардың құрбанына айналғанын сезіп, полицияға жүгінген.
Рудный қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Ерлан Абдульмановтың айтуынша, 29 қаңтар күні оған танысы хабарласып, қайын енесінің бірнеше апта бойы өзін "инвестициялық кеңесші" ретінде таныстырған белгісіз адамдармен байланыста екенін және туыстарының алаяқтар туралы ескертуіне сенбей жүргенін жеткізген.
Полиция қызметкері оқиға орнына барып, зейнеткермен және оның отбасымен жеке сөйлесті. Әңгіме барысында ол алаяқтықтың кең таралған тәсілдерін түсіндіріп, алаяқтар пайдаланатын жалған шарттар мен өтірік бейнеқоңырауларға назар аударды. Шамамен 15–20 минуттық әңгімеден кейін ғана әйел өзін алдап келгендерін түсінген.
Анықталғандай, алаяқтар онымен қаңтар айының басынан бері, шамамен 20 күн бойы байланыста болған. Осы уақыт ішінде әйел қаскөйлерге 2,6 млн теңге аударып үлгерген. Алайда тағы 5 млн теңгені жіберу соңғы сәтте тоқтатылып, қаражат сақталып қалды.
Оқиғаны түсінгеннен кейін әйел полицияға арыз жазды. Алаяқтық дерегі бойынша тексеру басталды.
Полиция бейтаныс адамдарға ақша аударуға, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын инвестициялық жобаларға сенуге болмайтынын ескертеді.
