Рудныйда қарт кісілердің пәтеріне алдау арқылы кіріп, ақшасын ұрлаумен айналысқан әйел ұсталды
Қостанайлық полицейлер зейнеткердің ақшасын ұрлаған әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
34 жастағы әйел өзін көпқабатты үйлердің кіреберістерін тазалаушы ретінде таныстырып, көп пәтерлі үйлердің тұрғындарынан ақша жинаған.
Ол жалған сылтаумен 87 жастағы зейнеткердің пәтеріне кіріп, жәбірленушінің сөмкесінен тоғыз мың теңге ақшасын ұрлаған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Рудный қаласының ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні анықтады. Зардап жеккен зейнеткер жалған тазалаушының түрін бірден таныған.
Бұған дейін күдікті осыған ұқсас 13 қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі таңда бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, күдікті әйел қамауға алынды.