Рухани қолдау және ынталандыру: Қыдырәлі Болманов сотталғандармен кездесті
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №55 мекемесінде ерекше кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанның Халық әртісі Қыдырәлі Болманов мекеме әкімшілігінің шақыруымен сотталғандармен кездесіп, әсерлі әңгіме айтып, демеу көрсетті.
Бұл іс-шара қылмыстық-атқару жүйесіндегі «Жол картасын» жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған болатын.
Кездесу барысында Қыдырәлі Болманов өзінің өмір жолынан сыр шертіп, шығармашылығындағы жаңалығы мен болашақ жоспарын бөлісті. Ол өнер жолында кездескен қиындықтар мен оларды қалай еңсергені жайлы айтып, табысқа жетудегі табандылық пен күш-жігердің маңыздылығын ерекше атап өтті. Сотталғандар үшін бұл әңгіме рухани күш-жігер мен үміт сыйлады.
Әнші өзінің өнерін паш етіп, гитарамен танымал әндерін орындап, сотталғандарды ерекше әсерге бөледі. Теледидардан ғана көріп жүрген сүйікті өнерпазын жақыннан көру темір тордың ар жағында отырған азаматтар үшін ерекше қуаныш болды.
– Қыдырәлі Болмановтың әндерін бала кезден бері тыңдап өстік. Бұл кездесу біз үшін шынайы рухани қолдау болды. Осындай мәні зор шараны ұйымдастырған мекеме әкімшілігіне шексіз алғыс айтамыз, – деп ризашылықтарын білдірді сотталған азаматтар.