«Сайғақ» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде
Қарағанды облысының аумағында 1-31 желтоқсан аралығында «Сайғақ» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайғақты заңсыз аулауды жүзеге асыруды және браконьерлік фактілерін анықтау мен ашу мақсатында 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап 31 желтоқсанына дейін Қарағанды облысының аумағында кең ауқымды «Сайғақ» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның 20 күнінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 23 фактісі анықталды, оның ішінде заңсыз аң аулаудың 3 дерегі, 20 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде аң аулау ережелерін бұзудың 18 дерегі және балық аулау ережелерін бұзудың 2 дерегі бар.
Табиғатты қорғау инспекторлары патрульдік полициямен бірлесіп, республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда және бекеттерде азаматтарда аңшылық атыс қаруы мен оның патрондарын, суық қаруды сақтауға және алып жүруге арналған рұқсаттардың болуын бақылауды күшейту бойынша рейдтер жүргізу үшін мобильді бекеттер құрды.
Аң аулау, балық аулау, ормандағы ағаштарды кесу, сондай-ақ биологиялық ресурстардың барлық түрлерін тасымалдау обьектілері мен өнімдерін алу құқығына бақылауды күшейту бойынша жұмыстар атқарылуда.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдерімен сайғақтардың мекен ету ортасында браконьерлік фактілерін анықтау мен бақылау бойынша рейдтер жүргізілуде.
Сонымен қатар ПД Криминалдық полиция басқармасымен бірлесіп, сайғақтарға қатысты браконьерлік фактілерін анықтау және ашуға, олардың мүйіздерін елден тыс жерлерге заңсыз шығаратын және контрабандамен айналысатын адамдарды анықтауға, сондай-ақ бұрын жасалған экологиялық қылмыстарды ашуға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Аң аулау заңдылығын анықтау бойынша 68 автокөлік құралына тікұшақтың көмегімен тексеріс жүргізілді. Заңсыз айналымнан 8 атыс қаруы, сондай-ақ 20-дан астам құқық бұзушылық жасау құралы тәркіленді.
Қазіргі уақытта Ұлытау, Нұра және Жаңаарқа аудандарының аумақтарында сайғақтар мекендейтін жерлерде әуеден тікұшақпен патрульдеу жүзеге асырылуда.