Сайгүлікті серік еткен сақшы
Polisia.kz сайты қызмет пен спортты қатар алып жүрген шенді ару жайлы ақпарат ұсынады.
Елордалық полицей Айнұр Жанатқызы – өз ісіне шексіз берілген, қоғам тыныштығын күзетіп жүрген нағыз кәсіби маман. Арманның жетегіне еріп, нағыз полиция қызметкері болуды бойынан көре білген жан. Қиындығы мен жауапкершілігі мол құқық қорғау саласында еңбек ете жүріп, ол нәзік жандыларға тән сабырлылық пен табандылықты қатар ұштастырып келеді.
Айнұр Астана қаласы полиция департаменті қаржымен қамтамасыз ету басқармасының инспекторы болып қызмет атқарады. Ол қызметте ғана емес, жеке өмірде де жан-жақты дамыған тұлға. Ол – спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған жан. Ерекше қызығушылығы – ат спорты мен мотоспорт түрі. Жылқыны баптап, шабандоз ретінде жарыстарға қатысу – нағыз ерлікпен тең. Сонымен бірге ол мотоцикл тізгіндеп, еркіндіктің де, тәртіптің де символы бола білген. Бұл спорт түрлері батылдық пен сенімділікті қажет етеді, ал бұл қасиеттер Айнұрдың бойынан табылған. Сондай-ақ нәзік жанды тәртіп сақшысы үлкен теннис ойнаумен айналысады. Бұл спорт түрі оған дәлдік пен шапшаңдықты дамытумен қатар, мықты психологиялық дайындықты қалыптастыруға септігін тигізеді.Қызметімен спортты қатар алып жүрген ол – салауатты өмір салтын ұстанудың нағыз үлгісі.
Көптеген жас үшін үлгі бола білген Айнұр нәзік бола тұра, қайсар, кешірімді бола тұра – талапшыл, сабырлы бола тұра – батыл. Ол әйел адам тек отбасында емес, ел алдында да үлкен жауапкершілік арқалай алатынын дәлелдеген тұлға.
- Полиция қызметкері болу – мен үшін жай мамандық емес, бұл – өмірлік миссия. Әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен тыныштығы – менің басты міндетім. Ал спорт – ерік-жігерімді шыңдайтын тірегім, – дейді погон таққан ару.
Айнұр – қазіргі заманның жан-жақты дамыған, кәсіби, спортты серік еткен нәзік жанды полицей бейнесінің айқын көрінісі.