Сайрамда үйіне оралмаған баланы полицейлер арықта ұйықтап жатқан жерінен тапты
Түркістан облысының полицейлері арықта ұйықтап қалған баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі сағат 23:30 шамасында Сайрам аудандық ПБ-ға баласын таппай қалған әйел хабарласып, көмек сұрайды. Тұрғынның айтуынша, оның тоғыз жастағы ұлы күндізгі уақытта ойнауға кетіп, күн қарайғанша келмеген. Болмағасын өзі бірнеше сағат іздеген. Алайда өздігінен іздеуден нәтиже шықпағаннан кейін әйел, полицейлердің тауып беретініне сенім білдіреді.
Оқиға кәмелет жасына толмаған баланың қауіпсіздігіне қатысты болғандықтан, ювеналды полиция тобы мен учаскелік инспекторлар шұғыл іске кіріседі.
Жеткіншектің баруы мүмкін жерлер, жақын аумақтар мұқият тексеріледі. Бір сағатқа созылған іздестіру жұмыстары нәтижесінде, жоғалған бала табылады. Нақтырақ айтсақ, учаскелік полиция инспекторы Нұржан Думбаев, балақайды үйінен үш көше ары орналасқан арықта ұйықтап жатқан жерінен тауып, отбасына қайтарады. Баланың өзі мен ата-анасына профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өз кезегінде қуанышын жасыра алмаған ана, тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын жеткізеді. Баласын аман-есен тауып, үйіне қайтарған полицейлердің жұмысына жеміс тіледі.
Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға, ұл-қыздарын қараусыз қалдырмауды қатаң ескертеді. Балаңыздың қайда, кімге баратынын қадағалауға кеңес береді. Жалпы, жақыныңды жоғалтқаннан ауыр ештеңе жоқ. Сондықтан, бір-бірімізден алыстамай, қамқор болып жүрейік!