Сайрамдық бес адам құны 21 млн тұратын ірі қара малдарды сатып жіберді
Түркістан облысының полицейлері құны 21 миллион теңгеден асатын өзгенің малын талан-таражға салғандарды құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық Полиция басқармасына мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, ол 37 бас ірі қара малын (1-1,5 жасар ақ бас сұрыпты бұқа) Қырғызстан Республикасына сату үшін өзіне жақын таныс емес екі азаматқа сеніп тапсырады. Алайда бес күндей уақыт өтсе де сенім білдірген адамдарынан хабар болмайды. Не малы қайтпайды, не ақшасын ала алмайды. Сол себепті осы істің ақ-қарасын ажырату мақсатында полицейлерге шағымданып, көмек берулерін сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 189-бабымен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) тіркеуге алынды.
Орын алған қылмысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеген сайрамдық тәртіп сақшылары, шұғыл іздестіру шараларын жүргізеді. Жәбірленушінің жауабы, басқа да келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктілердің жеке-басы анықталады. Полицейлер кінәлілердің ізіне түсіп, оларды Шымкент қаласына жасырынған жерлерінен ұстап, Полиция басқармасына жеткізеді. Күдіктінің екеуі де жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай ұсталған екеу өздерінің басқа тағы үш танысымен бірлесіп, яғни бесеуі құны 21 миллион теңгеден астам тұратын жәбірленушінің бұқаларын тиісті жерге апармай, Сайрам ауданында бірнеше адамға арзан бағаға сатып үлгерген. Ақшаларын бөліп алып, өз қажеттіліктеріне жаратқан. Бүгінде полицейлер өзгенің малын талан-таражға салған күдіктілердің екеуін қамауға алса, қалған үшеуіне қатысты іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек, тәртіп сақшылары сатып алған тұрғындардан ірі-қара малдардың 26 басын айғақты зат ретінде тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды.
Осы тұста Түркістан облысының полицейлері мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға өз мал-мүліктеріне барынша сақ болуды, кез келген адамдарға сеніп тапсырмауды ескертеді. Сонымен қатар құжатсыз мал тасымалдаумен айналысатын автокөліктерді анықтау жұмыстарын да назардан тыс қалдырмайтынын жеткізеді. Сондықтан төрт түлігімізге сақ болайық!