Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Салауатты өмір – сенің таңдауың: Талдықорғанда "Qosyl fest" фестивалі ұйымдастырылды

Талдықорғанда салауатты өмір салтын насихаттау және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында "Qosyl fest" фестивалі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның бастамашылары – Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, қоғамдық даму бөлімі және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері.

Фестиваль бағдарламасы мазмұнды әрі түрлі бағытта ұйымдастырылды: спорттық сайыстар, концерттік нөмірлер, жастардың шығармашылық өнер көрсетулері және әр қатысушы өзін танытып, салауатты өмір салтының маңыздылығын тереңірек ұғына алатын интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Қала тұрғындары мен қонақтар полиция қызметкерлеріне және алдын алу кеңесінің өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты жауаптар алды.

Ұйымдастырушылар жастар арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Ашық диалог барысында қатысушыларға есірткі заттарының зияны, заңмен қарастырылған жауапкершілік және жеке саналы таңдаудың маңызы туралы ескертілді.

Фестиваль соңында ұйымдастырушылар заң мен тәртіптің бастауы – профилактика екенін атап өтіп, әрбір азамат өз таңдауы үшін жеке жауапты екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру