Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Салтанат Баубекованың жауынгерлік сиқыры

Бұрын қарумен жұмыс істеу тек ерлердің еншісіндегі іс болып саналатын. Алайда уақыт өзгерді – бүгінде қолына қару алып, ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып жүрген нәзік жандардың бейнесі ерекше құрмет пен таңданыс тудырады. Солардың бірі – Екібастұз қалалық полиция басқармасының қару-жарақ қоймасының меңгерушісі, полиция кіші сержанты Салтанат Баубекова туралы  Polisia.kz сайты әңгімелейді.

Ол – бұл жауапкершілігі жоғары, дәлдік пен тәртіпті, кәсіби шеберлікті талап ететін қызметті атқарып жүрген алғашқы әйел маман. Оның осы салаға келуі құқық қорғау жүйесіндегі әйелдердің кәсіби әлеуетін кеңейту мен гендерлік теңдікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

– Ол өз ісінің нағыз шебері. Біз оны әзіл-шыны аралас "қару ісінің маманы" деп атаймыз. Көпшіліктің ойында қарумен жұмыс істеу тек ер адамдарға тән деген түсінік бар. Алайда Салтанат бұл қалыптасқан стереотипті бұзып, нәзіктік пен кәсібилікті үйлестіре білді. Ол қаруды сақтау, пайдалану және техникалық қызмет көрсетуге қатысты барлық заңнамалық талаптарды жетік меңгерген, – дейді әріптестері.

Өз кезегінде Салтанат та қызметін мақтанышпен атайды:

– Мен үшін бұл тек жұмыс емес – бұл әйелдің кез келген салада табысқа жете алатынын дәлелдеу мүмкіндігі. Мұнда ұқыптылық, тәртіп және адалдық – басты қағида. Менің ұстанымым – полиция қызметіне заманауи көзқарас қалыптастырып, кәсібилік пен тең мүмкіндіктерді ұштастыру. Менің жұмысым бөлімшенің тиімді қызметін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады: құжаттамадан бастап, есеп-қисап пен өзге құрылымдармен өзара іс-қимылға дейінгі барлық бағытты қамтиды. Қарумен жұмыс істеу тек білім мен тәжірибені емес, іске деген ерекше көзқарасты қажет етеді. Бұл салада алғашқы қыз болу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Мен қаруды есепке алу, беру, жөндеу және техникалық қызмет көрсету процестерін қатаң тәртіппен ұйымдастырамын. Сондай-ақ жеке құрамның қаруды қауіпсіз және дұрыс пайдалануы үшін жауаптымын. Әр бөлшектің дәлдігін, әр механизмнің жарамдылығын сезіне білу – менің басты міндетім, – дейді ол.

Салтанат өз ісіне ерекше сүйіспеншілікпен қарайды:

– Мен әрдайым еңбегімнің адамдарға пайда әкелгенін қалаймын. Полиция қатарында мен өз орнымды таптым – бұл тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін үлкен отбасының мүшесі болу. Қару шеберінің жұмысында дәлдік пен ұқыптылық шешуші рөл атқарады. Әріптестерім өз борышын сенімді атқаруы үшін қару әрдайым жарамды күйде болуы тиіс. Мен үшін маникюр мен сәндік бөлшектер екінші орында, бастысы – жұмыс барысындағы үйлесім мен ыңғайлылық. Қару артық "әрлеуді" ұнатпайды, – деп күлімдейді Салтанат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру