Саран полицейлері қымбат жол талғамайтын көлікке кірмек болған ұрыны ұстады
Саран полицейлері қымбат жол талғамайтын көлікке кірмек болған ұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы Саран қаласының полиция бөліміне хабарлама келіп түсті. Белгісіз біреу көпқабатты үйдің ауласында көлік тұрағында тұрған автокөліктің жүргізуші жағындағы есігінің терезесін сындырып кеткен. Оқиға орнына патрульдік полиция жасағы келді.
45 жастағы жәбірленуші жұмыстан келіп Lexus жол талғамайтын көлігін үйдің алдына қойғанын айтты. Біраз уақыттан кейін автокөлікте орнатылған дабыл соғылды. Ер адам далаға шығып жүргізуші есігінің терезесінің сынғанын байқады.
Полицейлер 25 жастағы күдікті ер азаматты анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, қымбат көліктің жанынан өтіп бара жатып көліктін салонында жүргізуші сөмкесін қалдырғанын байқағанын айтты. Сөмкеге қол жеткізуге тырысқан күдікті таспен терезені сындырған, бірақ соғылған дабылдан қорқып кеткен. Анықталғандай, сөмкеде 93 мың теңге болған.
ҚР ҚК 188-24-бабы (Ұрлық жасау әрекеті) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.