Саранда мас күйде көлік басқарған азамат жүргізуші куәлігінен айырылды
Саранда полицейлер мас жүргізушіні жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлік тізгініне отырған әр адам темір тұлпар басқарудың қаншалықты қауіпке толы екенін сезініп, жол жүру ережелері талаптарын қатаң сақтау керек. Оның ішінде көлікті мас күйінде басқару қылмыс екенін ұмытпаған жөн.
Саран қаласында жауын-шашын жауған түні тәртіп сақшылары түзу жолда бұралаңдап жүріп келе жатқан көлікке назар аударған. Тәртіп сақшылары жүргізушінің денсаулығы сыр беріп, өзін нашар сезініп келеді, не болмаса ішімдік ішкен күйде келе жатыр деп ойлады. Сондықтан да тәртіп сақшылары аталған көлікті тоқтатпақшы болған. Алайда полиция қызметкерлерін көрген көлік жүргізуші қаша жөнелген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде автокөлік тоқтатылды. Жүргізушіден ішімдіктің иісі шыққан. Медициналық сараптаманың нәтижесіне сәйкес көлік жүргізушісі «орта дәрежеде» мас болғаны анықталды.
Жүргізушіге қатысты жинақталған әкімшілік материал сотқа жіберілді. Сот 39 жастағы көлік жүргізушіні 16 тәулік әкімшілік қамауға алып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.