Сарыағаш полицейлері жоғалған жасөспірім қызды Шымкент қаласынан тапты
Сарыағаш полицейлері жоғалған жасөспірім қызды Шымкент қаласынан тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Әйел өз арызында 16 жасар қызы үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағанын хабарлайды. Жас қыздың анасы өз бетінше екі күн іздеп, таппағаннан кейін, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Аталған жайт бойынша сарыағаштық полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сарыағаш АПБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының инспекторы Бақдәулет Тастанбеков жоғалған жасөспірімнің туыстарынан, сыныптастарынан сұрастырып, білуі мүмкін деген барлық таныстарынан жауап алады. Осылайша, жинақталған ақпарат көздері арқылы аз уақыттың ішінде қыздың Шымкент қаласында жүргенін анықтады. Полицей іссапармен мегаполиске барып, қыздың нақты жүрген мекенжайын анықтап, аман-есен тауып, отбасына қайтарды. Белгілі болғандай, жас қыз отбасылық түсінбеушіліктен кейін, үйінен шығып кеткен. Содан Шымкент қаласында танысының қасында жатақханада болған.
Жас қыздың анасы Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлеріне, оның ішінде Б. Тастанбековке алғысын білдірді.