Сарыағаш тұрғынының таксиде қалған ақшасы бар сөмкесі қайтарылды
Шымкентік полицейлер Сарыағаш тұрғынының таксиде қалған ақшасы бар сөмкесін қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Абай ауданының Полиция басқармасына мегаполис қонағы «102» арнасы арқылы жүгінді. Ол қомақты сомадағы ақшасы мен жеке құжаттары бар сөмкесін таксиде қалдырып қойғанын жеткізді. Азаматшаның айтуынша, Шымкентке жоғары оқу орнында оқитын студент қызына Сарыағаш ауданынан қалааралық таксимен келген. Көліктен түсіп, аз уақыттан соң такси салонында қол сөмкесін ұмытып кеткенін байқаған, ал сөмкенің ішінде болған ақша қызының оқуын төлеуге арналған екен.
Орын алған жайт бойынша полицейлер дереу жедел іс-шараларға кірісті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен такси жүргізушісін анықтап, оған оқиғаның мән-жайы туралы хабарлады. Осылайша, жарты тәулікте сөмке ішіндегі заттарымен бірге иесіне қайтарылды.
Сарыағаш тұрғыны өз кезегінде полиция қызметкерлеріне кәсібилігі мен жеделдігі үшін алғыс білдірді.
– Кеше сөмкемді жоғалтып, Абай ауданының полицейлеріне хабарлаған едім. Бүгін тауып берді. Осы полицейлерге алғысым шексіз!, – деді ол.