Сарыағашта мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды
Сарыағашта мас жүргізуші жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ның полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында рейдтік-профилактикалық іс-шараларды жиі жүргізуде. Осындай кезекті шара барысында полиция қызметкерлері Сарыағаш ауданы көшелерінің бірінде келе жатқан Opel көлігінің алдыңғы шамдары жанбай келе жатқанын көріп тоқтатады. Оны тексеру барысында жүргізушінің сөйлеу кезінде тілінің күрмелуі, ерекше құбылуы тәртіп сақшыларына күдік тудырды. Полицейлер көлік жүргізушісін куәландырудан өткізеді. Нәтижесінде ер азаматтың мас күйде екені белгілі болады.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Осылайша жүргізушінің көлігі ақылы автотұраққа қойылды. Қазіргі таңда орын алған оқиғаға қатысты іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сарыағаш аудандық сотының шешімімен күдікті азамат ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.