Сарыағашта тәртіп сақшылары заңсыз ойынхананы анықтады
Сарыағаш ауданының полицейлері тәулік бойы қылмыстардың алдын алу, болдырмау, карантин талабының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жүргізуде. Осындай кезекті профилактикалық-рейдтік іс-шара кезінде Сарыағаш АПБ-ның полицейлері Сарыағаш қаласы, Жібек жолы-Жетісай тас жолының бойындағы ғимараттардың бірінде таңғы сағат 04:00 шамасында букмекерлік кеңсенің заңсыз жұмыс істеп тұрғанын анықтады.
Хабарлама бойынша оқиға орнына Сарыағаш АПБ-нің жедел-тергеу тобы шұғыл жетті. Тексеру барысында ойынхананың ішінде заңсыз құмар ойыны ойнатылып жатқаны анықталды.
Сондай-ақ ойынханада оператор болып жұмыс жасап тұрған әйел айқындалды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Ғимаратты тінту кезінде айғақты зат ретінде екі дана ойын автоматы, бес дана жүйелік блок және чек басып шығаратын кассалық аппараты тәркіленіп алынды.
Ойынханадан алынған айғақты заттарға сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда күдіктінің бас шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатта.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 307-бабы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша тіркеді, бүгінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Карантин талабын сақтамай, белгіленген шектеулерге қарамастан келушілерді қабылдаған ойынхана қызметкеріне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін тиісті мекемеге жолданды.