Сарыағашта трактордың қондырмасын ұрлаған күдікті қолға түсті
Сарыағашта трактордың қондырмасын ұрлаған күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-на жергілікті тұрғын арызданды. Оның арызында тұрғын үйінің жанындағы көше бойында тұрған өзіне тиесілі құны 500 мың теңге болатын трактордың қондырмасын (ковш) белгісіз біреулердің жымқырып кеткенін көрсеткен.
Аталған оқиғаны тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Ұрлық орын алған жерге сарыағаштық жедел-тергеу тобы жетті. Полицейлер жақын маңайды аралап, көрген білгендерден сұрастырды. Күдіктілердің ізіне түсу үшін барлық шараларды жасады. Полицейлер екі тәулік бойы іздеуді тоқтатпады. Нәтижесінде жедел-тергеу тобы күдіктіні жергілікті мекен-жайынан анықтап, бөлімшеге жеткізді.
Белгілі болғандай, күдікті деп танылған жас жігіт өз қажеттілігі үшін көшеде тұрған темірді көріп, өз арам ойын жүзеге асырғысы келген. Содан күдікті айналасында ешкімнің жоқтығын байқап, трактор қондырмасын өз автокөлігіне тиеп алып кеткен. Сондай-ақ полицейлер күдіктінің құны 500 мың теңге болатын трактор қондырмасын 12 мың теңгеге бағалап, темір алатын базарға өткізіп жібергенін анықтады.
Күдікті өз кінәсін толықтай мойындады. Тәртіп сақшылары ұрланған трактор қондырмасын заңды иесіне кайтарды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.