Сарыағаштық ер адам жүргізуші құқығынан айырыла тұра, мас халде көлік басқарған
Сарыағаштық ер адам жүргізуші құқығынан айырыла тұра, мас халде көлік басқарған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне Сарыағаш ауданының бір елді мекенінде жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның Renault Arkana автокөлігімен орталық көшелердің бірінде артқа қарай жүріп бара жатып, бір бағытта келе жатқан Nexia автокөлігімен соқтығысқанын анықтады.
Содан полиция қызметкерлері Renault Arkana жүргізушісін құрықтады және медициналық куәландыруға жеткізді. Қорытындысында ЖҚЕ бұзушы «орташа дәрежедегі мас күйде» болғаны белгілі болды.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді осындай адамға беру немесе осындай адамды көлік құралын жүргізуге жіберу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам қамауға алынды.
Сонымен қатар, 2021 жылдың желтоқсан айында Сарыағаш аудандық сотының шешімімен Renault Arkana автокөлігінің жүргізушісі Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны айқындалды.