Сарыағаштық мас жүргізуші бас бостандығынан айырылды
Сарыағаштық полицейлер мас халде көлік жүргізген тұрғынды қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш ауданындағы автокөлік жолдарына рейд жүргізу кезінде тәртіп сақшылары мас күйінде көлік басқарған «ВАЗ 2106» автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Тексеру барысында 2016 жылы тәртіп бұзушы мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталғаны белгілі болды. Сол кезде жергілікті тұрғын ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйде көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамға беру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Нәтижесінде сот қаулысымен жүргізуші үш жыл мерзімге автокөлікті басқару құқығынан айырылған. Алайда, осыған қарамастан, ер адам қайтадан құқық бұзушылық жасап, мас халде қайтадан руль тізгіндегені анықталды. Тәртіп сақшылары жүргізушіні медициналық сараптамаға жіберді. Сараптама қортындысына сәйкес құқық бұзушы «орта» дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болып шықты.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберу) бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сарыағаш ауданының тұрғыны күдікті деп танылып екі ай мерзімге қамауға алынды.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтауды, ең бастысы мас күйінде автокөлікті басқармауды ұсынады. Сондай-ақ жылдамдықты асырмау, маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жолдарда басқа да құқық бұзушылықтар жасау қажет емес.
Жүргізушілер есіңізде болсын, сіздің өміріңіз тек жол қозғалысы ережелерін сақтауға ғана емес, сонымен қатар жолаушыларыңыз бен жол қозғалысының басқа қатысушыларына да байланысты.