Сарыағаштық полицейлер алтын бұйымдарды ұрлаған қойшыны ұстады
Сарыағаштық полицейлер алтын бұйымдарды ұрлаған қойшыны анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданған. Оның айтуынша, өзінің тұрғын үйіне белгісіз біреулер кіріп, жатын бөлмеде тұрған алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 400 мың теңгені құрады.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Нәтижесінде, білікті қырағы сарыағаштық полицейлер тәулік ішінде күдікті ер азаматты анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам жәбірленушінің қойшысы болып шықты. Әйелдің үйінен шығып кеткенін көрген қойшы өз арам ойын жүзеге асырған. Қазіргі таңда қолды болған әшекейлер толықтай заңды иесіне қайтарылды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары күдікті ер адамға қатысты тергеу амалдарын жалғастыруда. Әшекей бұйымдарының табылғанына қуанға тұрғын полицейлерге өз алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.