Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағаштық полицейлер ақша алған алаяқты ұстады

Сарыағаштық полицейлер интернет арқылы тұрғындардан ақша алған алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын әйел алаяқтықтың құрбаны болғаны бойынша арызданды. Ол өзінің арызында белгісіз біреу «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы «Алтын қазына» атты топ құрған. Содан арызданушыға сол топтың админі «бізге ақша салсаң, салған ақшаңның үстіне бес күнде 50 пайыз қосып береміз» деп жарнамалаған. Өтірік жарнамаға алданған жәбірленуші әйел топтың админіне есепшот арқылы 35 мың теңге аударған. Ал, алаяқ ақшаны алған бойда ізін суытқан.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеп, іздеу жұмыстарын бастады.

Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді тексеріп, күдік тудырғандарды бақылады. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полицейлер ақпарат көздері арқылы күдікті азаматты тәулік ішінде үйінен ұстады. Ол 30-дағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүруде.

Тергеу барысында анықталғандай, алаяқ ватсап желісі арқылы ашқан тобына 50-ден аса адамды жинағаны белгілі болды. Сондай-ақ оларға «ақшаларыңды көбейтіп беремін» деген өтірік насихат жүргізгені және алаяқтықпен тағы бір азаматтан 30 мың теңге алғанын анықтады. Бүгінгі таңда айғақты зат ретінде алынған ақша өз иелеріне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.

Алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа түрі – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерді жасайды. Сондықтан барынша сақ болыңыз! Кез-келген адамға сенбеңіз, өзіңізге ғана белгілі құпия сандарды ешкімге айтпаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру