Сарыағаштық полицейлер жоғалған оқушы қызды ата-анасына тауып берді
Сарыағаштық полицейлер жоғалған оқушы қызды ата-анасына тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті әйел тұрғын кешкі уақытта арызданып, 12 жасар қызының үшті-күйлі жоғалғанын айтып, көмек сұрады. Анасының айтуынша, 12 жасар баласы сағат 17:00 шамасында үйінен сыртқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Ата-анасы полицияға жасөспірімнің жоғалғаны туралы айтудан бұрын, өздері іздеп табамыз деп ойлаған. Алайда уақытты өткізіп алған.
Күн батып, кеш болғаннан соң полицейлерге хабарлаған. Әйелден қоңырау түскен уақыттан бастап жоғалған баланың жасөспірім екенін ескере отырып, аудандық полицейлер шұғыл түрде іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды.
Баланың баруы мүмкін жерлер мен туыстары тексерілді. Сыныптастары арасында да мұқият сұрастырылды. Нәтижесінде, 6 сынып оқушысы Сарыағаш ауданы Қапланбек шекара бекетінің маңында жүрген жерінен табылды. Оқушы қыз аман-есен ата-анасына жеткізіліп, тапсырылды.
Полицейлер тексеру кезінде баланың рұқсатсыз сыртқа ойнауға шығып, одан әрі қарай ойынын жалғастырып, түннің түскенін байқамай, адасып қалғанын анықтады. Бүгінде полиция қызметкерлері жасөспірімге ата-ананың рұқсатынсыз сыртқа шықпау қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ал қызының дін-аман табылғанына қуанған анасы полицейлерге алғысын айтты.
– Менің қызым жоғалып, өзіміз іздеп таба алмаған едік. Содан полицияға хабар бердік. Қызымды тауып бергендеріңізге алғыс айтамын. Рақмет, – деп атап өтті табылған қыздың анасы.