Сарыағаштық полицейлер жоғалған телефон арқылы несие рәсімдеген күдіктіні анықтады
Сарыағаштық полицейлер жоғалған телефон арқылы несие рәсімдеген күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын қонақ үйлердің бірінде өзінің құны 80 мың теңге тұратын Redmi Note 5 ұялы телефонын жоғалтып алғандығы жөнінде арызданған. Сонымен қатар, жоғалған телефондағы банк қосымшасы арқылы өз есепшотындағы 80 мың теңгесінің ұрланғандығы туралы көрсеткен.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Хабар алысымен Сарыағаш ауданының полицейлері күдіктіні іздеуге бірден кірісті. Оқиға орын алған аймақты түгел шолып шығып, көрген-білген куәлардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Осылайша, жүргізілген жан-жақты тексеру жұмыстарының нәтижесінде күдікті ретінде екі жергілікті тұрғын анықталды. Яғни, олар қонақ үй ауласынан ұялы телефонды тауып алған. Содан соң телефонға орнатылған банк қосымшасын бұзу арқылы кіріп, 80 мың теңгеге азық-түлік алған. Қазіргі таңда аталған жайтқа баланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Тергеушілердің мардымды еңбектерінің арқасында күдіктілердің жәбірленушінің атынан бұған қоса тағы екі онлайн несие рәсімдегендері анықталды. Оған қымбат ұялы телефондар сатып алып, жәбірленушіге жалпы көлемі 600 мың теңге шығын келтірген.
Бүгінде анықталған күдікті жас жігіттерге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) және 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.