Сәтбаев қаласының полицейлері ұялы телефон ұрлаған адамды ұстады
Сәтбаев қаласының полицейлері дүкенде тұрған сатып алушының ұялы телефонын ұрлап кеткен азаматты ізін суытпай қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 наурыз күні Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық полиция бөліміне 23 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленуші белгісіз біреудің қалтасынан құны 76 мың теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап әкеткенін айтқан.
Ұрлық жәбірленуші қаладағы дүкендердің бірінде өзіне қажетті тауарларды сатып алу барысында орын алған. Полиция қызметкерлері дүкенде орнатылған бейнекамераның жазбасын қарау барысында күдіктінің ұрлық жасап жатқан сәтін анықтады.
Криминалдық полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы азаматты ұстады. Ол қылмысын мойындады және одан айғақ зат тәркіленіп алынды.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.