Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сәтпаевта кісі өлтіруге оқталған бұзақылыққа қатысы бар тағы бірнеше күдікті ұсталды

Сәтпаевта «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

18 қазанда Сәтпаев қаласының тұрғынын өлтіруге оқталумен ұштасқан бұзақылық фактісінен кейін ҚР ІІМ-де жедел-тергеу тобы құрылып, өңірге практикалық көмек көрсету үшін арнайы жіберілді.

Сол күні ІІМ және облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Сәтпаевта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде аталған қылмысты жасады деген күдікпен 5 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Жанжалдың себептері анықталды, қылмыс құралы тәркіленді.

Сонымен қатар қалада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның шеңберінде қоғамдық орындарда және көшелерде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бойынша жұмыс жандандырылды, ойын-сауық мекемелерінің маңында және азаматтардың көп жиналатын басқа да орындарында патрульдеу ұйымдастырылды.

Атыс қаруының иелері тексерілді. Оны сақтау шарттарын бұзудың 23 фактісі анықталды. Нәтижесінде 23 атыс қаруы тәркіленіп, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ полицейлер жолдарда құқықтық тәртіпті сақтауды күшейтті – жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтардың жолын кесуге және автокөлік құралдарын мас күйінде басқаратын жүргізушілерді ұстауға ерекше назар аударылды.

Профилактикалық іс-шараның екі күнінде полиция күштерімен 334 құқық бұзушылық анықталды және оның 161-і жол ережесін бұзумен байланысты. Екі мас жүргізуші ұсталды. Арнайы автотұрақтарға 31 көлік қойылды.

Көшелердегі тексеру кезінде 29 шаншу-кесу және ұру заттары, сондай-ақ екі атыс қаруы тәркіленді.

Полицияға 214 адам жеткізіліп, олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Есірткіге қатысты бір факт тіркелді. Сонымен қатар басқа қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталды.

Сәтпаев қаласының аумағында жедел-тергеу және профилактикалық іс-шаралар жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру