Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сәтбаевта Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерт өтті

Сәтбаев қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әсерлі концерт өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сәтбаев қаласының Жеңіс саябағында полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті. Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері, қала әкімдігінің және прокуратураның өкілдері, сондай-ақ көптеген қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік кештің шымылдығы Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылды. Жиналғандар майдан даласында жанын пида еткен қаһарман батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл – ұрпақтың ардагерлерге деген шексіз құрметі мен тағзымының айғағы болды.

Концерт барысында тәртіп сақшылары өз өнерлерін ортаға салып, патриоттық әндер шырқап, көрермендердің көңілін көтерді. Сонымен қатар, сахна төрінде би қойылымдары мен әсерлі көріністер көрсетілді. Шараға "Жас сақшы" сыныбының оқушылары да белсене қатысып, өз өнерлерін ұсынды. Олар шынайы ықыласпен дайындалған қойылымдары арқылы көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мұндай рухани іс-шаралар жас ұрпақ бойында отансүйгіштік пен тарихқа деген құрметті қалыптастырып, ерлікті ұлықтау дәстүрін жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру