Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Селфи үшін пойызға өрмелеп шыққан жігіт электротермиялық күйік алды

Пойыздың вагон-цистернасына мініп, фотоға түспек болған Шу қаласының 20 жастағы тұрғыны жазатайым оқиғадан қатты күйік алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Темір жол – аса қауіпті аймақ екені баршамызға белгілі. Осыны есте сақтауы қажет. Десек те, теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілері әлі орын алады, – дейді Көліктегі полиция департаментінің басшысы Оңал Бекеев.

О. Бекеевтің айтуынша, жылдың басынан бері көлік полицейлері темір жол төсемінің белгіленбеген жерлерінен өткен 9569 тұрғынды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Сондай-ақ, жолаушылар бар пойыздарды шұғыл тежеудің 184 фактісі тіркелген. Оның ішінде темір жол көлігімен жарақат алудың 44 фактісі тіркеліп, өкінішке орай оның жартысынан көбі өліммен
аяқталған.

Мәселен, 24 мамырда Шу қалалық ауруханасының қызметкерінен жедел медициналық жәрдем бригадасымен электрокүйікпен қабылдау бөлмесіне жігіттің жеткізілгені туралы хабарлама келіп түсті.

Тексеру барысында полицейлер зардап шеккен адамның Шу қаласының 20 жастағы тұрғыны екенін анықтады.

Ол 24 мамыр күні сағат 20.30-да Шу станциясының 32-тақ паркінің электрлендірілген жолындағы жүк пойызының құрамында тұрған вагон-цистернаға фотосуретке түспекші болып, өрмелеп шыққан. Нәтижесінде 50% дене және аяқ-қолының І-ІІ-ІІІ дәрежелі электротермиялық күйігін алды.

Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-бөлігі (темір жол көлігі қозғалысының қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

Жазатайым оқиға бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

– Темір жолдар – жеке қауіпсіздік талаптарын сақтаған тұрғындар үшін қауіпті емес. Әрбір адам қауіпсіздік талаптарын толық орындауға міндетті. Бұл өз денсаулығы мен өмірі үшін өте маңызды, – деді О.Бекеев.

Бас көлік полицейі кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ата-аналарынан жазғы демалыс кезінде олардың қауіпсіздігіне барынша көңіл аударуларын сұрады. Балаларымен үнемі түсіндіру
жұмыстарын жүргізіп, оларды темір жолда қараусыз қалдырмау қажеттігін нықтап айтты.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру