Семей қаласының полицейлері жиһаз жасаушы-аферистті ұстады
Семей қаласының полицейлері жиһаз жасаушы-аферистті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 25 маусымында Семей қ.ПБ Орталық ПБ-ға 41 жастағы қала тұрғыны өтінішпен жүгінді. Ол ағымдағы жылдың 10 маусымында өзін жиһаз шебері ретінде таныстырған бейтаныс адам қысқа мерзімде тапсырысты жасауға, сондай-ақ тегін жеткізу мен орнатуға уәде бергенін, бірақ уәделерін әлі орындамағанын айтты.
– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Семей қ.ПБ Орталық ПБ қызметкерлері полиция бөлімшесіне 31 жастағы жергілікті тұрғынды жеткізді. Жауап алу барысында ол өз кінәсін мойындады, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Тергеу барысында ер адамның шеберханасы да, тиісті жабдықтары да болмағаны белгілі болды. Ол оңай пайда табу жолдарын іздеуде алаяқтық жасауға бағытталған қылмыстық жоспар құрған. Осылайша, «жалған кәсіпкер» өтініш берушінің сенімін асыра пайдаланып, онымен корпустық жиһаз жасауға шарт жасқан, кәсіпкерлік қызметті имитациялай отырып, жалпы сомасы 500 мың теңге ақшаны иемденген. Қомақты қаражатты зиянкес жуық арада жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.