Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семей тұрғынын алаяқтар бейнеқоңырау арқылы алдамақ болды

Полиция жалған қоңыраулардан сақ болуға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қалалық полиция басқармасының Затон полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын белгісіз адамдардың алаяқтық әрекеті туралы хабарлап, арызданды.

Оның айтуынша, бейтаныс тұлғалар WhatsApp мессенджері арқылы бейнеқоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Әңгіме барысында олар азаматтың атына несие рәсімделгенін айтып, "қылмыстық әрекеттің алдын алу мақсатында" SMS арқылы келген кодты айтуын сұраған.

Алайда тұрғын күмәндана отырып, сақтық танытып, бірден полицияға жүгінген. Затон полиция бөлімінің бастығы Ернар Ахметовтің айтуынша, жалған "полицейлермен" сөйлескеннен кейін олардың байланысы үзілген. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жүргізілуде.

Полиция азаматтарға ескерту жасайды: полиция қызметкерлері ешқашан SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін немесе өзге де құпия ақпаратты сұрамайды.

- Осындай мазмұндағы қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ең жақын полиция бөлімшесіне немесе 102 нөміріне хабарласу қажет, — деп атап өтті ведомство өкілдері.

Полиция азаматтарды сақ болуға және өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстыратын беймәлім адамдардың сөзіне сенбеуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру