Семейде 100-ден астам полицей тарихи-танымдық іс-шараға қатысты
Абай облысының полицейлері Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай орталық кітапханаға барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Республика күні және Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай Абай облысының 100-ден астам полиция қызметкері Семей қаласының орталық қалалық кітапханасына барып, тарихи-танымдық іс-шараға қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – егемен Қазақстанның қалыптасу тарихына шолу жасап, полиция қызметкерлерінің елжандылық рухын көтеру, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік мерекелердің мәнін терең түсіндіру болды.
Кітапхана қызметкерлері қатысушыларға арнап "Егемендік – ел еркіндігі бастауы" тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдерін, егемендіктің жариялану тарихын және мемлекет дамуының негізгі бағыттарын қамтитын кітаптар мен архивтік құжаттар қойылды. Сондай-ақ қатысушыларға Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдану барысы мен оның тарихи маңызы туралы ақпарат берілді.
Бұл мереке — халқымыздың еркіндікке ұмтылысы мен елдік рухының символы. Сондай-ақ қызметкерлердің тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ғана емес, елдің рухани және мәдени өміріне белсене қатысуы – нағыз патриотизмнің көрінісі.
Іс-шара барысында қатысушылар еліміздің Тәуелсіздік жолындағы жетістіктерін талқылап, мемлекетіміздің болашағы жастардың қолында екенін ерекше атап өтті. Кітапхана ұжымы полицейлерге ел тарихына арналған әдебиеттер мен деректі басылымдардан тұратын ақпараттық шолуды ұсынды.