Семейде арзан пәтер алмақ болған тұрғын ақшасынан айырылып қалды
Семейде арзан пәтер алып беремін деп 2,5 миллион теңгені заңсыз иемденген әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қалалық полиция басқармасына 35 жастағы кәсіпкер арызданды. Оның айтуынша, таныс әйел арзан бағамен пәтер алып беремін деп уәде беріп, ірі көлемде ақша алып, байланысқа шықпай кеткен.
Тексеру барысында 2024 жылғы 24 қарашада Семейдің 41 жастағы тұрғыны жәбірленушіге тұрғын үйді тиімді бағада сатып алуға көмектесемін деп сендіріп, одан 2,5 миллион теңге алғаны анықталды. Алайда ол уәдесін орындамай, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.