Семейде бұзақылардың құрбаны болған баланы ҚР ІІМ «Динамо» қамқорлығына алды
Семей қаласында бұзақылардың әрекетінен зардап шеккен 11 жастағы балаға ҚР Ішкі істер министрлігінің «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы қолдау көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласында орын алған бұзақылық оқиғасы қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Қоғамның жаппай қолдауының арқасында мектеп оқушысы мен оның отбасы жалғыз емес екенін сезінді. Бұл іске полиция ведомствосының басшылығы ерекше мән беріп, тергеуді жеке бақылауына алды.
Жасөспірімнің болашағына алаңдаушылық білдірген ҚР Ішкі істер министрлігінің «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы оны өз қамқорлығына алып, спорт арқылы жігерлендірмек. Динамолықтар балаға тәлімгерлік көрсетіп, сенімділігін нығайтуға, өзін қорғай білуге үйретуді мақсат тұтып отыр.
Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бекторе Сұлтан Семейдегі «Динамо» спорт кешенінде жасөспірімді қарсы алып, оған жас спортшылармен бірге залды аралатып, жаттығу процесімен таныстырды.
– Біз балақай өзін ешқашан жалғыз сезінбеуі үшін бар күшімізді саламыз. Спорт – тек денені шынықтыру ғана емес, ол мінезді қалыптастырып, қиындықтарды жеңуге үйретеді. Ең бастысы – спорттық орта нағыз отбасы сияқты, сенімді тірек бола алады, – деп атап өтті департамент басшысы.
Бала әсіресе боксшылардың жаттығуын қызығушылықпен тамашалады. Бұл спорт түрі оған бұрыннан ұнайтынын айтқан жасөспірім енді «Динамо» мамандандырылған жаттықтырушыларының жетекшілігімен тегін жаттығу мүмкіндігіне ие болды. Сол күні-ақ ол алғашқы соққысын бокс грушаға бағыттап, өз күшін сынап көрді. Жаттығу соңында оған «Динамо» спорттық формасы табыс етілді.
– Енді ол тұрақты түрде жаттығып, күш-қуатын арттырып, өз-өзіне деген сенімділігін нығайтатын болады. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, келесі қадамы – «ЖАС САҚШЫ» полицейлік сыныптарының қатарына қосылу болмақ. Мұнда ол құқықтық тәртіп пен тәртіптілік туралы құнды білім алады, – деп мәлімдеді полиция департаментінің өкілдері.
Бұл бастама – баланың өміріне тың серпін беріп қана қоймай, оның болашағына деген сенімін күшейтетін маңызды қадам.